Қазақстан қанттың ішкі өндірісін ұлғайтуға ниетті

Құмшекерді өзімізде шығару жолын біріздендіру үшін елімізде арнайы бесжылдық кешенді жоспар бекітілді. Оны іске асыру үстіміздегі жылдан басталады. Шетелдік қантты отандық үлгіге алмастыру бағытында 30-дан астам іс-шара көзделген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген отырысы барысында ведомство басшысының орынбасары Рүстем Құрманов мәлімдеді. Оның айтуынша, инвестиция тарту – елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден бір жолы бірі. Бұл жұмыс агроөндірістік кешенде инвестициялық жобаларды   дамыту жол картасына қол қойған барлық өңірлерде жүргізіледі. Мәселен, өткен жылы 270 нысан қолданысқа берілді. Олардың ортақ құны 240 миллиард теңгеден астам. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 7% артып, 853 жарым миллиард теңгені құрады.

Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі

- Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы агроөндірістік кешендегі ірі және жоғары өнімді инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысты оң тәжірибесімен бөліскім келеді. Осы қаржылай қолдау тетігінің арқасында 2 жыл ішінде аталмыш өңір аумағында 21 сүт-тауар фермасы салынды. Нәтижесінде шамамен 648 мың тонна сүт сауылады немесе ел бойынша өндірілетін бұл өнімнің 10,3% үлесі осы аймаққа тиесілі. Яғни, Солтүстік Қазақстан сүт өндірісінде үлкен әрі сапалы серпіліс жасады. Осылайша, егер біз өзгеде қажетті азық-түлік тауарларының индустриялық өндірісіне осы тәжірибені ендіретін болсақ, онда ішкі нарықты сүт өнімдерімен, құс етімен, маусымдық көкөністермен және жемістермен қамтамасыз етудің мүмкіндігі туар еді.

Сала мамандарының дерегінше, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде бірден 9 сатыға көтерілген. Әлемнің 113 мемлекетінің ішінен еліміз 32-ші орынды иеленді. Айта кетейік, бұл бағалау бойынша қаржылық қолжетімділік, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі сынды маңызды көрсеткіштер сараланады.