Қазақстан мен Иран арасындағы сауда көлемі 440,1 млн долларды құрады

Қазақстан мен Иран арасындағы сауда көлемі 440,1 млн долларды құрады

Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемі 2021 жылы 440 млн-нан астам долларды құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 85% артық, – деп хабарлайды еліміздің Сауда және интеграция министрлігі. Ақпаратқа сәйкес, Қазақстан келешекте Иран нарығына экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ екі ел бизнесі арасындағы диалогтың тиімділігін арттыру мақсатында Іскерлік кеңес құру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар біздің тарап Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол бағыты бойынша қолайлы тарифтік жағдайлар белгілеу барысында одан әрі бірлескен күш-жігер жұмсауды және Қазақстан мен Иран порттары арқылы транзиттік контейнерлік тасымалды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Жалпы қос мемлекет сауда және экономика, ауыл шаруашылығы, білім беру, ІТ және туризм салаларындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуды көздейді. «Жақын арада тараптар осы мәселелер жөнінде қосымша сараптамалық консультациялар өткізуді жоспарлап отыр», – деп хабарлады салалық министрлік.

Автор: Гүлбану Тәжібек