А. Ғиният: ҚР-дағы 13 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша әлемдегі жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде

А. Ғиният: ҚР-дағы 13 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша әлемдегі жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде

Қазақстандағы фармацевтика саласында 13 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша әлемдегі жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Олардың құны 17 миллиард теңгеден асады. Бұл жөнінде Үкімет отырысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі хабарлады. Ажар Ғинияттың айтуынша, келіссөздер аясында қымбат тұратын инновациялық өнімдердің өндірісі мен кластерлік бастаманы дамытуға, саланы цифрландыруға баса мән берілмек. Қазіргі уақытта кластерлік аймақтар орналасатын үш қала қарастырылып жатыр. Олар – Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, және Шымкент қалалары. Бұл аймақтардың тартымдылығы олардың аумағында өндіріс орындары мен жетекші медициналық жоғары оқу орындарының болуына байланысты. Мұнда фармацевтикалық өндірістің толық циклі құрылады деп күтілуде.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Қазақстан экономиканың табысты жаңғырту үшін қажет инвестициялар мен озық технологияларды тартуға мүдделі. Бүгінгі таңда процестің түрлі кезеңдерінде 7 BIGPHARMA фармацевтикалық компаниясымен келісімшарттық өндіріс бойынша 13 инвестициялық жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде. Олар: Hoffmann-La Roche, Novo Nordisk, AstraZeneca, Sandoz, Takeda, Pfizer, Atabay сияқты инвестиция құны 17 млрд теңгеден асады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы фармацевтикалық нарықта отандық өндіріс үлесін 50%-ке дейін жеткізуді 2025 жылға дейін тапсырған болатын. Бүгінде алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында кешенді жоспар бекітіліп, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.