Президент АЭС саларда Түркияның тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды

Президент АЭС саларда Түркияның тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды

Президент Түркияның  АЭС  салудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Түрік елі  Аккую атом электр  стансасының бірінші энерго блогын 2023 жылдың соңында іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында талқыланды. Жиында елімізде қауіпсіз атом және сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі шараларға баса мән берілді.  Президент өз сөзінде МАГАТЭ деректерін мысалға келтірді. Бұған сәйкес әлемдегі қуат көздерінің 10 пайызы атом энергетикасының үлесінде екені айтылды. Аталған сектор көмір, газ және гидроэнергетика салаларынан кейін төртінші орында тұр.

«Атом энергетикасы көміртектің жылдық қалдықтарын шамамен 2 миллиард тоннаға азайта отырып, төмен көміртекті электр қуатының жалпы көлемінің үштен бірінен астамын өндіреді. Бұл 400 миллион автокөліктің қалдығына тең. Ал атом энергетикасының болашағына келетін болсақ, түрлі факторларға байланысты белгісіздік деңгейі өте жоғары. Алайда, қазіргі таңдағы энергия дағдарысы мен энергия ресурстары бағасының құбылмалы жағдайында "бейбіт атомды" пайдалану мәселесі көптеген үкіметтердің күн тәртібіне енгізілгені анық», - деп атап өтті  Президент.