Жастардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға еңбек министрлігі 45 286 грант бөлді

Жастардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға еңбек министрлігі 45 286 грант бөлді

Еңбек министрлігі жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін 45 286 грант бөлген. Ал биылғы жылдың 6 айында 546 жас маман өз ісін бастауға қолдау алды. Бұл туралы ведомствоның халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Аяулым Берекенова мәлім етті. Оның айтуынша, жыл соңына дейін қаржылау қолдауға қол жеткізушілердің саны көбейеді. Айта кетейік, жастарды қолдауға арналған гранттар 2018 жылдан бері бөлініп келеді. Осыдан 4 жыл бұрын 568 жас кәсіпкер демеуге ие болса, 2019-да – 22 мыңға жуық, 2020 жылы – 11 мыңдай, ал былтыр министрліктің көмегіне 11 жарым мыңнан аса жас алған. Биыл жоспар бойынша олардың санын он мыңға жеткізу көзделіп отыр.

Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:

– Гранттардың қаражатын грант алушылар өздерінің бизнес жоспарларын іске асыру үшін пайдаланады. Гранттардың сомасы бүгінгі таңда 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Айлық есептік көрсеткішпен, теңгемен айтатын болсақ 1 млн 225 мың теңге. Сонымен қатар гранттарды жастардың жасы 29 жасқа толмауы тиіс. Біздер жастарға 2019 жылдан бастап ерекше көңіл бөлініп келеді. Жастарды біз арнайы топ ретінде белгілеп, нысаналы топ ретінде белгілеп жыл сайын берілетін гранттардың кемінде 50 пайызын жастарға арнап береміз.

Сондай-ақ, министрлік биыл алғаш рет онлайн еңбек жәрмеңкесін өткізді. Жоба 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталғанын айта кеткен жөн.

Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:

– Біз әрдайым еңбек биржасын дамытып келеміз. Енді биылғы жылдың жаңашылдығы ол электрондық еңбек биржасында жалпы республикалық бос орындар жәрмеңкесін өткіздік. Бос орындар жәрмеңкесіне еліміздің ірі 20 дан астам жұмыс берушілері қатысты. Олар жәрмеңкеге 1300-ге тарта вакансиялар ұсынды. Сол вакансияларға 1377 жас азамат 18 бен 35 жастағы өз түйіндемелерін жіберді.

Онлайн жәрмеңке кезінде 100-ден астам жас маман жұмыс берушімен тікелей сұхбаттасқан. Ал жобаның нәтижесі министрлік өкілінің айтуынша, алдағы уақытта жарияланады.