Қазақстанда киім бағасы бір жылда 10% қымбаттады

Еліміздің сауда сөрелерінде аяқкиім мен киім бағасы бір жылдың ішінде 10% қымбаттаған. Маусым айының өзінде құны бір жарым процентке дейін өскені байқалады. Бұл ретте антирейтингті Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда аймақтары бастап тұр. Ал, Алматы мен елдің шығысында баға аса шарықтай қоймаған. Тәуелсіз қаржылық сарапшы Андрей Чебатаревтің пікірінше, бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Оның бірі пандемия салдары. Коронавирус өршіген кезде тұрғындар қаражаттың көп бөлігін азаматтарды қолдау үшін жұмсаған.  

Андрей Чеботарёв, тәуелсіз қаржылық сарапшы:

– Бұл басты себептердің бірі. Енді бір жағынан әскери қақтығыс салдарынан логистикалық жолдар жабылды. Яғни, ұзақ жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеген бағыттар  тұралап қалды. Өндірушілер өнімін тасымалдаудың өзге баламалы жолдарын іздеуге кірісті. Нәтижесінде жеткізу құны қымбаттады. Сонымен қатар біз импортқа тәуелдіміз. Ол киімге де тікелей қатысты. Өйткені бізде олар шығарылмайды. Бұл қатарға  электроника мен прототипті компьютерлер де кіреді. Оның бәрі долларға сатып алынады. Теңге бағамының төмендеуі бағаның өсуіне әкеп соқты.

Бағаның шарықтауы бұнымен тоқталмайды, себебі қазір көптеген елдерде инфляция  тоқтаусыз өсіп барады. Әлемдік экономикаға өзге қатерлердің әсері тимейтін болса ғана бұл келеңсіз жағдай шамамен бір жарым жылдың ішінде тұрақталып, оңалуы тиіс дейді, маман.