Мұнай қалдығын өңдеудің инновациялық технологиясы

Мұнай қалдығын өңдеудің инновациялық технологиясы

Мұнай қалдығын өңдеудің инновациялық технологиясы Қызылорда облысындағы кәсіпорындарда енгізіліп жатыр. Отандық ғалымдар ойлап тапқан залалсыздандыру жобасы қоршаған ортаға зиянды заттардан пайдалы тауар шығаруға мүмкіндік береді. Табиғатты ластанудан қорғайтын құрылғы кеніштердің бірінде сынақтан өткізілді.

Аслан Орынғалиев, жоба авторы:

– Біз жылдар бойы жиналған қалдықты 98% жарамды етеміз. Түрлі қоспа арқылы терең өңдеудің нәтижесінде біршама бөлігін 1-дәрежелі тауарлы мұнайға айналдырамыз. Қалған суды да сүзгіден өткізіп, жол құрылысына пайдаланылатын стандартқа сай сұйықтық шығарамыз.

Модульді кешен көмірсутек шикізатының кез-келген күйдегі қалдығын өңдей алады. Сан түрлі сүзу, тазалау және қоспа қосу процесі толық автоматтандырлыған.  

Мұхтар Оспанов, технолог:

– Қысымның барлық көрсеткіштерін осы басқару тетігі арқылы қадағаланады. Қосу, өшіру, бір-біріне тізбекті жалғау, манометр мен термометр көрсеткіштерін талдау да осы жерде жүзеге асырылады. Сондай-ақ өңделген шикізаттың шығу жиілігі де бақыланады.   

Қанатқақты жобаның өндірістік тиімділігі іс жүзінде дәлелденді. Модульді кешенді орнатуға бірнеше мұнай компаниясы ынта білдіріп отыр.