Қазақстандықтардың депозиттері 28 трлн теңгені құрады

Қазақстандықтардың депозиттері 28 трлн теңгені құрады

Қазақстандағы депозиттер рекорды тағы да жаңарды. Жалпы жинақ сомасы 28 трлн теңгеден асты. Көрсеткіш шілде айында шамамен 3,3%-ке өсті. Осылайша, жылдық өсім 11%-тен асып түсті. Мұндай серпіліс теңгемен есептегендегі долларлық салымдарды қайта бағалаумен ғана байланысты емес, дейді сарапшылар. Сондай-ақ, депозиттерге ұлттық валютада да ақшаның түсімі байқалады. Еске салайық, шілденің соңында қаржы реттеуші базалық мөлшерлемені 14,5%-ке дейін көтерген болатын. Сарапшы Андрей Чеботарёвтің айтуынша, жоғары базалық мөлшерлеме экономиканың өсуін тежеп отыр.

Андрей Чеботарёв, қаржы сарапшысы:

– Несиелік импульс толығымен жоқ деуге болады. 20 процентпен несие беру үшін бизнесте қандай маржа болуы керек? Қазір біздің экономикалық өсім тек жеңілдетілген несиелер есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Бізде халық үшін де көптеген несие бағдарламасы бар. Мәселен, 7-20-25 ипотекасы, жеңілдетілген автонесие мен бизнеске арналған «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы». Бұлардың барлығы инфляциядан, базалық мөлшерлемеден төмен 4, 6, 7 проценттік мөлшерлемемен жүреді.