Қазақстан Тәжікстанға шикізаттық емес тауарлар экспортын ұлғайтуда

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өсуде. Ресми деректерге сәйкес, өткен жылдың өзінде ол бір жарым есеге артып, 1 миллиард доллардан асып түсті. Енді қос тарап бұл көрсеткішті 2 миллиардқа жеткізуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде аталған мақсатқа қол жеткізу үшін меморандумға қол қойылды. Осыған сәйкес импорттаушылардың сақтандыру және сауданы қаржыландыру саласындағы жиынтық лимиттері ұлғайтылмақ.

«Бұл қазақстандық кәсіпкерлердің Тәжікстан нарығына қолжетімділігін кеңейтіп, экспорттық тәуекелдерді барынша азайтады», - деп хабарлайды «KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы.

Бүгінгі таңда Қазақстан Тәжікстанға тыңайтқыштар, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, автомобиль және әуе көлігін жеткізеді. Бұл тізім жақын арада еселене түспек. Еліміз көрші мемлекетке құрылыс арматурасын, өсімдік майы мен трансформаторларға арналған бөлшектерді экспорттауды жоспарлап отыр.