Қазақстан аэроғарыш саласындағы стартаптарды дамытуға көңіл бөлмек

Қазақстанда аэроғарыш индустриясындағы стартаптарды дамытуға баса назар аударылмақ. «Astana Hub» халықаралық технопаркі мен отандық алғашқы жеке меншік ғарыш компаниясы арасында келісімге қол қойылды. Меморнадум аясында тараптар ғарыш саласындағы қазақстандық және шетелдік ІТ-компаниялардың  әлеуетін және осы бағыттағы стартаптарды дамыту мақсатында бірлескен шараларды жүзеге асырады. Соңғы уақытта инвесторлардың аэроғарыш индустриясындағы жобаларға қаржы құюға деген ниеті артқан, дейді мамандар.

Әсем Төлегенқызы, ASTANА HUB корпоративтік инновациялар және цифрлық құзірет кеңсесінің бас менеджері:

– Бұл Hardware-технологияларды дамыту деген сөз. Одан басқа, бұл стартаптар жаңа өнімдерді әзірлеу үшін ғарыш саласының ресурстарын пайдалана алады. Біріншіден, біз өз тарапымыздан медиа, пиар құралдары арқылы ілгерілету жағын қолға аламыз. Қазақстанда осы бағыттағы стартап-жобалардың дамуын ынталандырамыз. Ғарыш саласындағы отандық және халықаралық сарапшыларды тарту жоспарда бар.