Қазақстан Вьетнамға экспортты $530 млн-ға ұлғайтуға дайын

Қазақстан Вьетнамға экспорт көлемін арттыруға дайын. Біздің еліміз социалистік республика нарығына 530 миллион доллардан астам сомаға 90-ға жуық түрлі салалардағы өңделген тауарларды жеткізуге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Жалпы, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 3,6%-ке өсіп, 203 миллионнан астам долларды құрады. Ал экспорт көлемі 28 млн долларға жуық. Отандық тауар өндірушілер Вьетнамға металл, сондай-ақ ұн, астық, сүт және ет өнімдерін жөнелтеді. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап киім-кешек экспорты да айтарлықтай артқан. Сарапшылардың айтуынша, қос тарап арасында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік, логистика және туризм салаларында орнатылған ынтымақтастықтың келешегі зор.