Үкіметте аудандардағы бизнесті қолдауды күшейту шаралары ұсынылды

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5 %-ке жетті. Үкіметтің басым бағыттарының бірі - бизнеске мемлекет тарапынан қолдауды күшейту. Іскерлік топ өкілдері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны жетілдіруге қатысты өз ойларымен бөлісті. Бұл орайда «Атамеке» Ұлттық палатасының басшысы Райымбек Баталов министрлер кабинетінің отырысында еліміздің барлық өңірлерінде жеке кәсіп иелерін қолдау шараларын күшейтуді, бизнеске арналған онлайн-қызметтердікеңейтуді және қаржылық емес қолдау шараларының жақсартуды ұсынды. Ол кәсіпкерлерді оқыту бағытына күш салуға басымдық берген жөн дейді. Райымбек Баталовтың айтуынша, қазір өңірлік палаталар ауылды жерлерде қордаланған бизнес мәселелерін жүйелеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіуде.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

Бұл шын мәнінде кешенді жоспардың негізіне алынуы мүмкін. Біз осыған қатысты жұмыс жасадық. Біз нақты өңірлерге әдіснамалық қолдау көрсетуге, шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламаларының осындай ауқымды жоспарын құруға дайынбыз. Менің ойымша, бұл бағыт біршама ақсап тұр.

Үкіметте кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны қаржыландыру көлемі жарияланды. Онда көзделген шараларды іске асыруға биыл бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл соманың негізгі үлесі, яғни 1 миллиард 197 миллион теңгесі бюджеттен тыс қарастырылған. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 8 айында бұл көрсеткіштер оң серпіліс көрсетті.

Әлібек Куантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ағымдағы жылдың басынан бастап кредит сомасы 7 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Бұл жоспарланған 4 239 жобаның орнына шамамен 16,8 мың жобаны субсидиялауға және кепілдендіруге мүмкіндік берді. Көрсетілетін қызметтер мен өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 399 жобаға гранттар берілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне жоспар бойынша 30 мың адамның орнына 75,1 мың адам оқытылды. Шамамен 12 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бизнесті ашу және жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу бойынша консультациялық көрсетілетін қызметтер алды.