Қазақстан карбон шаруашылығының орталығына айналуы мүмкін

Қазақстан карбон шаруашылығының орталығына айналуы мүмкін

Қазақстанда ауыл шаруашылығында жаңа сала пайда болуы мүмкін. Бұл - карбон егіншілігі. Елордада өтіп жатқан халықаралық инвесторлар апталығына қатысушылар пайдаланылмаған жерлерді осындай тәсілмен игеруді ұсынып отыр. Карбон шаруашылығы көміртекті атмосферадан өсімдіктер мен топыраққа ауыстыру технологиясына негізделеді. Мамандардың айтуынша, бұл көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға көмектеседі. Сайып келгенде, бұл саланың дамуы жаһандық жылынуға қарсы тұруға бағытталған. Форумға қатысушылар республикада карбон шаруашылығының әлеуеті зор екенін атап өтті. Себебі Қазақстанда жалпы ауданы 220 миллион гектардан астам жерге тең ауыл шаруашылығы алқаптарының тек 20% пайдаланылады

Майкл Оберштайнер, Оксфорд университеті экологиялық өзгеру институтының директоры:

-2050 жылға қарай біздің ортақ мақсатымыз – көміртегі бейтараптығына, яғни нөлдік теңгерімге қол жеткізу. Алайда, зерттеулер көрсеткендей, бұл жеткіліксіз болады. Көміртекті атмосфераға шығарғаннан әлдеқайда көп сіңіру қажет болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы осы үдерістің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс деп есептейміз. Қазір карбон шаруашылығы АҚШ пен Еуропада біртіндеп қабылдануда. Ал, Қазақстан болашақта бүкіл Еуразияда осы саланың орталығына айналуы мүмкін.