Франция инвесторлары Қазақстандағы компаниялар ашуға қызығушылық танытуда

Франция инвесторлары Қазақстандағы компаниялар ашуға қызығушылық танытуда

Қазақстан және Орталық Азияда ірі француз корпорациялары өз қызметін кеңейтуге ниетті. Шағын және орта бизнес өкілдері де экономикамызға қызығушылық танытуда. Жаңа геосаяси жағдайда елдер арасындағы сауда алмасу мақсатында Еуропа мен Азияны байланыстырудың балама жолдары да қарастырылып жатыр. Жарты жыл ішінде француз-қазақ сауда көлемінің 12%-ке өскенін байқауға болады. Кәсіпорындарды елімізге көшіру мәселесі де қарастырылуда.

Ив-Луи Даррикаррер, Қазақстан-Француз іскерлер кеңесінің тең төрағасы:

- Көптеген өзгертулер болды. Санкцияға байланысты жабдықтау тізбегінде өзгерістер болды, әлемдік нарықтар қайта құрыла бастады. Мұның бәрі инфляцияны тудырды. Сол себепті бұл тұрғыда Қазақстан мен Француз бизнесі арасындағы қарым-қатынастарды жалғастыру өте маңызды. Тіпті аздап баяулау болса да, бұл контекстпен түсіндіріледі. Қазақстан француз бизнесі үшін өте қызықты, сондай-ақ француз бизнесі де Қазақстанға тартымды.

Пол Мариа, Orano компаниялар тобының вице-президенті:

-Энергетикалық контекстте Қазақстанның әлемдік уран өндіруде және жалпы атом энергетикасында өте маңызды рөл атқаратыны анық. Франция бұл әріптестікке, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтасатын атом өнеркәсібінің басқа салаларына ерекше мән береді.

Бүгінде әлемдік бизнес, оның ішінде француз бизнесі Қазақстанның ішкі жаңалықтарына бұрынғыдан да көбірек қызығушылық танытуда. Орталық Азиядағы ең ірі экономика посткеңестік кеңістіктегі ең тұрақты экономика болып шықты.

Гүлсара Арыстанқұлова, Франциядағы ҚР елшісі:

- Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша, елде атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар, реформалар француз бизнесінің жіті назарында. Олар алға қойған осы үлкен мақсаттардың барлығы сәтті орындалып, Қазақстанның тұрақтылығы, саяси-экономикалық дамуы ары қарай да өрбиді деген сенім білдіріп отыр. Бүгінгі іс-шарада Қазақстанда 30 жылдай жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындармен бірге бүгін көптеген Қазақстанға деген ықыласы бар, қызығушылық танытып отырған біраз кәсіпорындар да келіп қатысты.