Парламент Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдады

Парламент Ұлттық қордан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заңын қабылдады. Құжат аясында алдағы жылы Ұлттық қодан бюджетке 2 триллион 200 миллиард теңге бөлу қарастырылып отыр. Кейінгі жылдары қаржыландыру көлемі біршама қысқарып отырады. Нақтылап айтсақ, қазынаға 2024-ші жылы 2 триллион, ал 2025-те 1 триллион тоғыз жүз миллиард теңге бағытталмақ. Сенатта аталмыш заң жобасын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ұсынды. Оның айтуынша, құжатты әзірлеуде Бюджет кодексінің жаңа талаптары ескерілген. Бұдан былай кепілдендірілген трансферттің көлемі мұнайдың келісімді бағасының негізінде айқындалатын болады. Болжам бойынша ол мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың мөлшерінен аспайтын болады. Бұл ретте, қара алтынның кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9, ал 2024-2025 жылдары сәйкесінше 42,2 – 40,3 доллар деңгейінде белгіленді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Біздің болжамымыз бойынша, Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді. Қарау үшін ұсынылған Елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері, сондай-ақ бюджет пен Ұлттық қордың болжамды параметрлері теңдестірілген және экономиканың үдемелі орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қалпына келтіруге және тұрақтандыруға бағытталған.