Қазақстан бес елде сауда өкілдіктерін ашуды жоспарлап отыр

Еліміз 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарларды сыртқы нарыққа шығаруды 41 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал жақын арада республикамыз БАӘ, Қытай, Түркия, Үндістан және Иранға 4 млрд доллардан астам сомаға тауар жеткізе алады. Сондай-ақ осы 5 мемлекетте сауда өкілдіктерін ашу қажеттігін министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайылов еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында айтты. Өз кезегінде тиісті ведомство өткен жылдың 10 айында шикізаттық емес тауарлар экспорты 21,5 млрд доллардан асқанын мәлімдеді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35% өсімді құрады. Сонымен қатар экспорттық акселераторға қатысушылар 260 млн доллардан астам сомаға жеткізілім жасады.

Тағы бір айта кетерлігі, отандық тауар өндірушілерге электронды платформаларға кіруге көмек көрсетіледі. Танымал платформалардың бірінде бүгінде 7 жарым мыңнан астам өнім қойылған. Экспорттаушылар көтерме бағада 100 млн доллардан астам қаражатқа сауда жасады.