Қазақстан мен Венгрия арасындағы сауда көлемі 157 млн доллардан асты

Бұл мемлекет - республикамыздың Еуропалық Одақ елдері арасындағы маңызды серіктесінің бірі. Мәселен, тек өткен жылдың 11 айында ғана өзара сауда көлемі шамамен 30%-ке өсіп, 157 млн доллардан асты. Қос тарап алдағы уақытта да әріптестік аясын кеңейтіп, жан-жақты байланысты нығайта түсуге ниетті. Осы мақсатта Будапештте білім, энергетика және бизнес салалары бойынша өзара ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ өзге бағыттарда серіктестік әлеуеті талқыланды.

Атап айтсақ, сауда, қаржы, көлік, экология, IT және ауыл шаруашылығы секторындағы ынтымақтастық жағы сөз болды. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстан аумағында 32 венгриялық және 39 бірлескен кәсіпорын өз қызметін табысты жүзеге асыруда. Сонымен қатар біздің азаматтар үшін Венгрия визасыз 73 елдің қатарына кіреді. Елдер қазіргі таңда белсенді түрде бірлескен жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, екі мемлекеттің Үкіметтері әуе көлігі туралы келісім жасасты. Сонымен қатар Венгрия Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүшелік етуіне өз септігін тигізгені белгілі.