Премьер-министр инфляцияны 9,5% дейін төмендетуді тапсырды

Жыл қорытындысы бойынша инфляцияны бірден екі есеге, яғни 9,5% дейін төмендету. Елдің Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осындай міндет қойды. Мұның қамында әрбір министр, өңір әкімдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Үкімет басшысы мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру және бүкіл ел экономикасының өсуін қамтамасыз етуде әрбір өңірдің үлесі маңызды екенін тілге тиек етті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Барлық күш-жігерді инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жұмылдыру керек. Ол үшін қаржылық тәртіпті күшейту  және мемлекеттік бюджет шығыстарының    тиімділігін арттыру маңызды. Біз экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу үшін бар күшімізді салуымыз керек. Менің орынбасарларым    жетекшілік ететін салалар бойынша нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастыруы қажет.

Биыл қаңтарда Қазақстан экономикасы 5,6% өсті

Үкімет басшысы 2023 жылдың алғашқы айының негізгі көрсеткіштеріне де тоқталып өтті. Оның дерегінше, өткен қаңтар айында экономиканың негізгі салаларында айтарлықтай өсім тіркелді. Әсіресе, елдің өнеркәсіп, құрылыс    және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%, оның ішінде өңдеу саласының    1,6% өскенін көріп отырмыз. Фармацевтика – 51%, жеңіл өнеркәсіп – 11%, тоқыма бұйымдары өндірісі – 25%, мұнай өңдеу –11%, химия өнеркәсібі – 11%, сусындар өндірісі – 33%, тамақ өнімдерінің өндірісі шамамен 10%, машина жасау 12% жоғары, оның ішінде локомотивтер мен вагондар өндірісі – 5%, автомобиль жасау саласы – 25% өсті. Тау-кен өнеркәсібінде 1,2% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы    12,5%-ке орнықты өсім көрсетіп отыр. 1 млн шаршы метрден астам    тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы жыл басынан бері 7,6% өсті. Өсімге сауда, байланыс және көлік секторындағы  жоғары динамика ықпал етті.

Сөз соңында Әлихан Смайылов министрлер кабинетіне экономиканың өсу қарқынын сақтауды тапсырды. Ішкі нарықты отандық өніммен қанықтыру және шикізаттық емес тауарлар өндірісі өсімін қамтамасыз етуге басымдық берілуі тиіс. Сондай-ақ, жалпы кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті дамытуға, тартымды инвестициялық ахуал құруға көңіл бөлу маңызды екенін айтты.