Қазақстан Иранға экспортты $250 млн арттыруға ниетті

Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен жүргізген келіссөздер барысында осылай деп мәлімдеді. Былтыр екі ел арасында тауар айналымы 20%-ке артып, АҚШ валютасында 528 млн-ды тең келді. Үкімет басшысы бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін жеткізудің әлеуеті бар екенін айтты. Бұл ретте өзара саудада 70%-ік үлесін алып жатқан ауыл шаруашылық саласы өнімдерінің алыс-берісін арттыруға болатынын тілге тиек етті.  

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Екі жақты сауданың елеулі үлесін құрайтын ауыл шаруашылығы саласы біздер үшін перспективті болып табылады. Дәнді дақылдар сияқты дәстүрлі экспорттық тауарлардан басқа Қазақстандық ұн өнімдерін,  макарон және кондитерлік тауарларды, өсімдік майларын және басқада мал өнімдерін сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Сондай-ақ, біз көктем кезінде халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ирандық ерте көкеністер мен жемістер жеткізуді арттыруға мүдделіміз.

Сондай-ақ кездесуде инвестиция тарту, транзиттік-көлік саласында әлеуетті  жобаларды жүзеге асыру және жүк тасымалдау көлемін арттыру мәселелері де талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың жол картасын әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.