Қазақстан мен Катар бірлескен инвестициялық қор құрады

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың араб мемлекетінің бірқатар компания басшыларымен кездесуі нәтижелі болды. Тараптар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және туризм салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Үкімет басшысы бұл секторлардың Қазақстан үшін маңыздылығы және осы бағытта өзара тиімді әріптестік орнатудың әлеуеті зор екенін тілге тиек етті.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Бірнеше жыл бұрын біз Катар тәуелсіз қорымен бірге 200 млн доллар көлемінде инвестиция жасау туралы келісімге қол қойдық. Бүгін QIA -Qatar Investment Authority-мен бірлесіп ортақ қор құру мәселесін талқыладық. Транспорт саласында да әріптестікті кеңейтуге дайынбыз. Қазір біздің Fly Arystan компаниямыз Астана мен Алматыдан Дохаға чартерлік әуе рейстерін орындап жүр. Биыл бұл рейстерді тұрақты етуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, катарлық әріптестермен телекоммуникация және тау-кен салаларын дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз.