2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ жоғары нақты өсімі 4,2-5,2% аралығында болады

Мұндай болжамды еліміздің Ұлттық банкі жасады. Ішкі сұраныстың кеңеюі, экспорттың ұлғаюы және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру есебінен осындай көрсеткіштерге қол жеткізуге болады дейді сарапшылар. Баяндамада атап өтілгендей, ақпан айының соңынан бастап экономика салаларындағы іскерлік белсенділік айтарлықтай жеделдеді. Қаңтар-сәуірде тауар өндірісі 4,8%-ке, көрсетілген қызмет көлемі 4,9%-ке өсті. Бұл экономиканы дамытудың мемлекеттік бағдарламалары арқылы қолдау тапқан тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың тұрақты жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ, ішкі сұраныс та ұлғая түсуі әбден мүмкін. Үй шаруашылықтары шығындарының жоғары деңгейі жалақының өсіміне байланысты болады. Ал инфляцияны бәсеңдету арқылы халықтың табысы арта түседі деп болжануда. Мемлекеттік сектор тарапынан да сұраныс сақталады, инвестициялық белсенділіктің кеңеюі ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Экономикалық өсімде экспортпен бірге мұнай өндіруді ұлғайтудың және сауда серіктестері аумақтарында сыртқы сұранысты арттырудың да үлесі мол.