Орталық Азияда бірыңғай волонтерлар хабы пайда болуы мүмкін

Орталық Азия мемлекеттері бірыңғай волонтерлер хабын құруы мүмкін. Мақсат - ақпарат пен тәжірибе алмасу. Елордада өткен бірінші халықаралық еріктілер форумында осындай бастама көтерілді. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыру қажет, дейді белсенділер. Еске сала кетейік, бұған дейін Орталық Азия мемлекеттері волонтерлікті одан әрі дамытудың бірыңғай жол картасын жүзеге асыруға уағдаласқан.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:

– Ел аймақтарында атқарылған жұмыс көп. Бурабай мен Түркістанда екі аймақтық сессия өтіп, мемлекеттер арасындағы түрлі тәсілдер мен бірлескен жобалар талқыланды. Саладағы өз тәжірибемізбен бөлістік. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Халықаралық волонтерлер жылын ілгерілету жөніндегі арнайы бастамаларын жүзеге асыру бойынша Орталық Азия елдеріне қолдау көрсету туралы ортақ қаулыны талқылау маңызды болды.