Қазақстан француз фототілшісінің көзімен

Қазақстанның шалғайдағы ауыл өмірі мен қала тұрғындарының тыныс-тіршілігі, бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан түрлі ұлттардың дәстүрлері мен Ұлы даланың бірегей мәдени коды... Франциялық журналист өзінің фото туындылары арқылы қазыналы елдің ұлттық болмысын кеңге тануытуға ден қойған. Фредерик Нойдың объективіне түскен жұмыстары әйгілі әлемдік басылымдарда ұдайы жарияланып тұрады. Жақында оның Қазақстан туралы репортажы Ұлыбританияның ең беделді The Guardian газетінің беттерінде шықты. Еңбегі арқылы автор Еуразияның кіндігінде орын тепкен еліміздің ерекшелігін батыстықтарға жеткізген. Ол Қазақстанға қызықты кадрлар мен шежірелі оқиғалар табудың қамында келгенін айтады.

Фредерик Ной, фотожурналист:

- Мен 20 жыл бойы Африкада фотограф болып жұмыс істедім. Уганда мен Танзанияда белгілі бір жобалармен айналыстым. Шынымды айтсам ондағы жұмыстан сәл шаршадым. Мен өзім үшін жаңа елде, яғни өзім үшін мүлдем таңсық жерде жұмыс істегім келді. Бұл аймақ жайлы хабарым болмады. Сондай-ақ бұл қадам өзімді жаңа қырымнан ашу үшін керек болды. Мақсатым тарихта елеулі орны бар елді табу болды. Жібек Жолы өткен өңірге таңдау түсті. Сондықтан Қазақстан сынды сырға толы елде жобамды бастау жөн болады деп таптым.

Француз фотосуретшісі Қазақстанда үш жыл бойы тұрып, Астанада жұмыс жасады. Осы уақытта елді тегістей саяхаттап үлгерген. Фредерик Ной Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Қызылорда және өзгеде өңірлермен танысқан.