«Астана Опера» театрында «Күлбике» спектаклінің премьерасы өтті

Жаңа үлгідегі көне ертегі. «Астана Опера» театры «Күлбике» хикаясын заман талабына сай бейімдеп, танымал ертегідегі оқиға көрерменге өзге қырынан танылды. Бұл қойылымда өгей шешеден езгі көрген бас кейіпкер - сән дизайнеріне айналса, ханзада - диджей кейпіне енді. Бір сахнада «Рококо» дәуірімен бүгінгі технология тоғысты. Сондай-ақ балет поп-би, брейк-данс элементтері бар неоклассика стилінде әзірленген. Яғни, заманауи және классикалық әуендер үндесті. Ауқымды декорация мен әсерлі хореография және сахна саңлақтарының шебер ойыны ұштаса келе көрерменге ғасырлар қойнауына саяхат әсерін сыйлайды. Дәстүрлі қойылымның көріністері жаңа рең алғанымен мән-маңызы бәз-баяғы қалпында сақталған. Қоюшы хореографы германиялық Раймондо Ребек түпнұсқа мазмұнын жоғалтпауға тырысып баққан.

Гаухар Усина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:

- Ескі ертегінің негізгі ойы жаңа сипатқа енді. Сондықтан оны сезіну үшін өз көзіңізбен қайта тамашалап, бізбен бірге оқиғаны бастан кешіру керек. Біз бұл спектакль арқылы сіздерді ерекше әсерге бөлейміз. Ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Әрбірі өзіне керектісін алатынына сенімдімін. Театрымыздың қорында осындай бірегей заманауи балет спектаклі пайда болғанына өте қуаныштымын.