Қазақстанның Ұлттық музейінде Гиннестің рекордтар кітабына енген «Әлем бейнесі» арт-жобасы ұсынылды

Биыл Дубайда ЭКСПО көрмесінде қойылған суретте әлемнің 193 елінің азаматы өз таңбасын қалдырды. Отандық бастама атына заты сай болып, халықаралық деңгейде танылған ауқымды жобаға айналды. Жер-жаһанның шағын үлгісі іспеттес туынды бір қылқаламмен салынған екі мыңнан астам адамның таңбасын сыйдырған. Қазақстандық жобаға әлемге танымал, саясаткерлер, бизнесмендер мен спортшылар және мәдениет қайраткерлері қатысты. Бұл ерекше картина қыркүйек айында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде қойылды. Жақында оны Алматыдағы Қастеев мұражайында, сондай-ақ Шарджа мен Әбу-Дабиде ұсыну жоспарланған.

Даут Шайхисламов, жоба авторы:

Мен пандемиядан кейін барлық елдерді, жалпы адамзатты қалай біріктіруге болады деген ойда жүрдім. Идеям жүзеге асты. Бұл картинаның көшірмесі халықаралық ғарыш станциясында болды. Егер оны теріс аударатын болсақ ғарышкердің жұмыс құжатына ұқсайды. Осы бастамаға кәсіпқой боксшы Рой Джонс, Голливуд актері Риз Ахмед, қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов және Байғали Серкебаев сынды танымал тұлғалар атсалысып, қолтаңбаларын қалдырған болатын.