Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Қазақстан музейлерінің қолжетімділігі артты

Бұдан былай зағип және есту қабілеті нашар қазақстандықтар мен ел қонақтары тарихи жәдігерлермен етене таныса алатын болды. Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында жүзеге асқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, «Дара» қоры және Ұлттық музейдің бірлескен жобасымен тілшіміз де танысып қайтты.

Тарихқа құмартып жүрген Инсар Ізтілеуов аңсағанына қол жеткізді. Тағдырдың тәлкегімен көру қабілетінен айрылған жеткіншек көне жәдігерлерді қолмен ұстап тану мүмкіндігіне ие болғанына дән риза.  

Инсар Ізтілеуов

Маған тарих ұнайды. Мен дәл қазір Алтын адамның бұйымдарын өз қолыммен ұстап қарап жатырмын. Мында брайлмен жазылған сөздер бар. Мұнда Алтын адамның бұйымдары бар делінген.    

Ұлттық мұражайда Инсар сынды зағип жандардың құнды тарихи мұраларға қанығуы үшін бірегей жәдігерлердің 20-дан астам тактилді үлгілері жасалған. Бұл түпнұсқаның дәлме-дәл көшірмесі. Әрбір экспонаттың брайл қарпімен жазылған мәтіндік анықтамасы қоса берілген.  

Абай Сатыбалдин, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:

Жалпы бұл жоба асясында келушілер Қазақстанның ежелгі тарихынан бастап бүгінгі күнге дейінгі заманауи жәдігерлермен таныса алады. Барлық кезеңдер хронологиялық тәртіппен қамтылған. Белгілі бір тарихи кезеңнен сыр шертетін көне заттардың ішінен бірегейі дегендері тактильді инклюзивті экспозицияда ұсынылған.   

Бұған қоса, ерекше адамдарды өткеннен толыққанды ақпараттандыру үшін мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде аудиодескрипциялар жазылып, аудиогидтер дайындалған.

Марал Шешембекова, «Дара» қорының жобалар мен бағдарламалар директоры:

Аудиодискрипция дегеніміз адам көре алмайты қоршаған ортаның сипатамасы. Яғни айналасы жөніде бар мәліметті дыбыс арқылы таниды. Дыбыстық мәдіндердің өзі тек қана арнайы мамандармен дайындалады. Өйткені, өзіндік ерекшеліктері бар. Ол үшін қажетті әдістемелер мен оқу бағдарламалар қолданылады.  Біз ым-ишара тілі сынды  аудиодискрипция деген ұғым да Қазақстан Республикасының заңнамасына енгенін қалаймыз.  Себебі бұл зағип жандарды ақпаратпен қамтамасыз етудің ең тиімді құралы.

Сонымен қатар игі жобаның аясында есту қабілеті нашар келушілер үшін де мұражайдың барлық залдарында қазақ және орыс тілдерінде сурдоаудармасы бар бейнесаяхат дүңгіршектері орнатылды. Бейнематериалдарды экскурсия кезінде ұсынылатын планшеттерден де көруге болады.