Бірнеше елдің дәулескер музыканттары елордада бас қосты

Қазақстан, Израиль Жапония, Моңғолия және Эстонияның дәулескер музыканттары елордада бас қосты. Жаһанның шебер орындаушыларын Вена музыкасының фестивалі жиды. Бір ай бойы жалғасатын ерекше жобаның аясында отандық және шетелдің шығармашылық ұжымдары өнер сүйер қауымның назарына классицизм дәуірі жауһарларын ұсынбақ. Бағдарламада әлемге аты мәшһүр сазгерлер Гайдн, Моцарт және Бетховеннің өшпес туындылары шырқалды. Концерттер топтамасын «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі бастады. Оған моңғалиялық дирижер Мунхбаяр Эрдэнбаатар жетекшілік етті. Ендігі концерттік бағдарламалар қаңтардың 19, 25, 31 және 7 ақпан күндері өтеді.

Мунхбаяр Эрдэнбаатар, дирижёр /Моңғолия/

 - Бүгін ұсынған бағдарлама өте ауқымды болды. Біз Вольфганг Амадей Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсына увертюра, төрт бөлімнен тұратын үлкен шығарма 1-ші симфония және Людвиг ван Бетховеннің оркестрімен скрипка концертін әзірледік. Осы концертте скрипканың жеке партиясын әлемге әйгілі скрипкашы Бағдат Әбілханов орындайды. Ол өте мықты скрипкашы, мен онымен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын.

Абзал Мұхитдин, фестивальдің көркемдік жетекшісі, «Астана опера» театрының дирижёрі

- Бұл ұлы компазиторлар музыка әлеміне алуан түрлі мәнерлер мен тәсілдердің жаңа үлгілерін әкелген. Мәселен, Гайднның бекзат әсемдігі, Моцарттың таңғаларлық әуені, Бетховеннің қуатты туындылары танымал болды. Фестиваль 5 концерттен құралды. Оның үшіншісіне өзім жетекшілік етемін. Оларға Венецияда берген шеберлік сабақтарымда танысқан жас әріптестерім қатысады.