Қазақстандық композитор Франциядағы қысқаметражды фильмдер фестивалінде номинацияға ие болды

Петропавлдық Давид Литвинов отандық режиссер Александр Шингуровтың «Виктория» қысқаметражды фильмінәуенмен әрлеген.

Давид Литвинов пен Александр Шингуров алдымен музыканы жазып, кейін картинаны соған сәйкестендіріп монтаждаған. Төрт минуттық фильм АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы ұйымдастырған Орталық Азиядағы «48 Hour Film Race» байқауы үшін түсірілген. Оның шарты бойынша қысқаметражды фильм небәрі екі күнде дайындалуы керек еді. Бейбітшілік тақырыбына арналған «Виктория» фильмі Канн кинофестивалінде қысқаметражды фильмдердің «Үздік романтикалық драма» номинациясында жеңіске жетті. Давид Литвинов бұл күтпеген жағдай болды деп отыр.

Давид Литвинов, композитор:

- Иә, шынымен де Канн қысқаметражды фильмдер фестивалінде номинацияны жеңіп алу күтпеген жағдай болды. Кинорежиссер Александр Шингуровпен қай фестивальдерге жіберу керектігі туралы сөйлескенде, біз конкурстық бағдарламаға ғана ілігеміз деп ойлаған едік. Бірақ номинацияны жеңіп алу туралы ой түсімізге де кірген жоқ. Қуанышымызда шек жоқ. Өйткені, бұл – үлкен жарыс. Оған 30-дан астам мемлекет қатысты. Сондай-ақ, фильмнің үздік композиторлар бестігіне енуі де қуантарлық хабар. Бұл – мен үшін алғашқы әрі, маңызды жеңістердің бірі.

Давид музыканы жазып шығуда этникалық аспаптарды пайдаланады. Оның коллекциясында қазақтың ұлттық аспабы – домбыра да бар.

Давид Литвинов, композитор:

- Қазақтың музыкалық мәдениеті маған өте жақын. Өйткені студент кезімде «Шертер» этнографиялық ансамблінде бас домбырада 4 жыл ойнадым. Көп уақыттан бері композитор ретіндегі ізденістерімді қазақ халық музыкасының үлгісінде жазып шығуды ойластырып жүрген едім. Міне, сол ойым жүзеге асты. Қазір Сәкен Жүнісовтің «Әжем мен емші және дәрігер» повесіне жазылған «Жаңа жол» спектаклі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар 21 жасымда  «Намыс» қойылымы бойынша жұмыс жасадым.

Қазақ композиторының шығармалары шетелдерде де сұранысқа ие. Давид ресейлік театр қойылымдарына да музыка жазады.