Ұлттық музейде Италия суретшілерінің цифрлық көрмесі ашылды

Ұлттық музейде «Итальялық Ренессанс – Мәңгілік сұлулық» атты цифрлық иммерсиялық көрмесі ашылды. Шараны Италия елшілігі Қазақстанмен мәдениет саласындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырды. Көрмеде барлығы 28 картина цифрландырылып, бір интерактивті экспозицияға біріктірілген. Бұл көрерменге Италияның бұрын-соңды болмаған гүлдену дәуіріне саяхат жасауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Ренессанс өнерінің таңғажайып және жұмбақ әлемі ерекше көрме  аясында  әлем елдеріне насихатталып жүр. Картиналар галереясы бұған дейін Рим, Генуя, Тайбэй және Сингапурлік өнерсүйер қауым назарына ұсынылды.

Абай Сатыбалдин, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:

- Біз бір жылдан астам уақыт бойы шетелдік әріптестерімізбен бірге осы көрменің тұжырымдамасы, идеясы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Шынымен заманауи технологиялар, цифрлық техникалар көмегімен Қазақстанда бола тұра батыс елдеріндегі ең бірегей жауһарларды көруге мүмкіндік береді. Көрменің өзі шамамен 15 минутқа созылады. Менің ойымша, көрерменнің рухани бай бола түсуі, мәдени тұрғыда шабыт алуы үшін музейлер, оның ішінде ұлттық музей насихатты күшейтуі тиіс. Ол ұлттық ғана емес шетелдік өнерге де қатысты.

Марко Альберти, Италияның Қазақстандағы елшісі:

- Біз қазақ халқына Италияның қайта өрлеу дәуіріндегі тарихы мен мәдениетін ұсынғымыз келеді. Осындай заманауи технологиялардың көмегімен ұлы суретшілер өмір сүрген дәуірге саяхат жасап, адамдардың эмоцияларын көріп, қайта сезіне аласыз. Қуанышымда шек жоқ. Көрме 14 минутқа созылып, бейнеролик түрінде ұсынылған. Көрермендерге 28 сәуірге дейін есігіміз ашық.