Ш. Қалдаяқовтың өмірі туралы мюзиклдің премьерасы өтті

Композитор, лирик әрі балуан. «Қазақ вальсінің королі» атанған атақты Шәмші Қалдаяқовтың сан қырлы бейнесін елордалық музыкалық театр ұжымы сахналады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қойылым сырлы сазгердің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды.

АСХАТ МАЕМИРОВ, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

- Әрине, біз оның туған жерінен бастап, қалай дүниеге келгенін, жеке тұлға болып қалыптасуынан бастадық. Жас көрермендеріміз бізбен бірге ән шырқасын дедік, себебі оркестр жанды дауыста ойнайды. Камералық оркестр сүйемелдеуімен барлық труппа сахнада жанды дауыста ойнап, ән айтады, өйткені спектакльдің 85 процентіне жуығы – Шәмші  әндері.

Мәдина Омарова жазған мюзиклді Труппа 2 айдан астам уақыт дайындаған. Ал режиссер Шәмші Қалдаяқовтың өмір кезеңдерін талғампаз көрерменге толыққанды жеткізу үшін атақты композитордың туған жеріне де барып қайтты. Композитордың шығармашылық қоржынында 300-ге жуық ән сақталғанын атап өткен жөн. Ал олардың ішіндегі ең үздіктері қойылым барысында сахнада шырқалды.

АЙБОЛАТ ЖАУДЫР, М. ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Шәмшінің ұлылығы – оның қарапайымдылығында. Себебі оның әр музыкасы, әр нотасы қазақтың жанынан шыққан. Сондықтан ол халықтың жүрегіне жақын және де бұл мәңгілік дүние. Шәмші атамыздың ерекшелігі де сол – осы бір ұлтымыздың рухын әспеттейтін әуендерді таба білгенінде деп ойлаймын.

Қойылымға билеттердің тегін таратылуында бір мән бар. Премьераға пандемия кезінде қарапайым азаматтар мен дәрігерлерге тегін көмек көрсеткен – еріктілер арнайы шақырылды. Осылайша, туындыны сахналаушылар жүрегі кең азаматтарға алғысын білдірді.