Қазақстандық ғалым диабет ауруын емдеудің бірегей жолын әзірледі

Отандық ғалымдар өз саласында жеткен жетістіктерімен бөлісуде. Алматылық зерттеуші Бақытжан Әлжанұлы заманауи тәсілдерді қолдана отырып, қант диабеті ауруын емдеудің бірегей әдістемесін әзірледі. Әңгіме жасушалық терапия туралы болып отыр. Маманның айтуынша, жасуша трансплантациясы ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, сондай-ақ оның организмдегі деңгейін өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді.

Бақытжан Әлжанұлы, М.А. Айтхожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институтының ғылыми қызметкері:

- Біз құрылымымызға бағаналы жасушаларды енгіздік. Ол жасушалардан бета клеткалары алынды. Бұл – инсулин синтезіне жауап беретін ұйқы безінің жасушалары. Біз бета жасушаларды алып алдық. Содан кейін барып инсулин деңгейін төмендете ала ма, әлде жоғарылата ма деп бізге қажетті сапаны тексере бастадық.

Ғалымның айтуынша, жарықтың әсерінен бета жасушалары инсулин деңгейін жоғарылатуы немесе төмендетуі мүмкін. Осылайша, отандық биотехнологтың бірегей емдеу жолы диабетке шалдыққан науқастарға көмектеседі және екпесіз өмір сүруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінде әлемде I типті диабет ауруын емдеу технологиясы әлі әзірленбеген, дәрігерлер науқастардың өмірін инсулин терапиясы арқылы ұстап отырады. Сондықтан да басталған істі аяғына дейін жеткізу аса маңызды.

Қамалидин Шәріпов, М.А. Айтхожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институтының бас директорының міндетін атқарушы:

- Байқау жарияладық. Бақытжан Әлжанұлы, менімен және басқа ғалымдармен бірге грант береміз. Ол – гранттық қаржыландыру немесе бірлескен грант түрі. Осы гранттық қаржыландыру негізінде басталған істі одан әрі жалғастыратын боламыз.

Бақытжан Әлжанұлы өз зерттеуін осыдан 4 жыл бұрын Канадада бастап, қазақстандық ғылыми институт базасында табысты аяқтап отырғанын айта кеткен жөн. Алда клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар хаттамаларын пысықтау бар. Ғалымдардың болжамы бойынша, 5 жылдан кейін технологияны іс жүзінде қолдануға болады.

Авторы: Ақзер Сегізбай