Қазақстанға жаңа озық технологиялар тартылады

Қазақстанға жаңа озық технологиялар тартылады

Қазақстанда жаңа әдіс бойынша модульдік қаңқалы үйлер салына бастайды. Елордада ТМД елдерінің новаторлары үздік заманауи технологиялармен бөлісті. Бұл – соңғы үлгідегі инновациялар, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, IT және басқа да маңызды салалардағы ноу-хау. ТМД елдері бизнесінің өзара іс-қимылы жөніндегі халықаралық конференция аясында сарапшылар жаңа тәжірибелермен танысып қана қоймай, бірегей жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша бірқатар уағдаластыққа келді. Мәселен, жиын барысында қазақстандық «Ғылым қоры» мен Ресейдің ірі инновациялық «Сколково» орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жергілікті «Astana Invest» те келісім жасасуға ниетті. Бұл тиімді әріптестіктердің тек басы ғана. Шетелдік қатысушылар да еліміздің бірқатар саласында қолданылып жүрген отандық инновацияларды өздеріне енгізуге мүдделілік танытып отыр.

Жанболат Кәкішев, «Astana Invest» басқарма төрағасы:

- Біздің әріптестер бірнеше қызықты жоба әкелді. Сондай ұсыныстардың бірі – коррозияға қарсы жабын. Егер осы жоба құрылысшылардың қызметін арзандатып, атына сай коррозиялық мәселелерді шешетін болса, біз үшін өте әлеуетті бағыт болады. Негізгі мақсатымыз – қалада новаторларды өндіріс орындарын ашуға ынталандыратын қолайлы жағдайлар жасау.

Юрий Сапрыкин, «Сколково» қорының өңірлік және халықаралық даму жөніндегі вице-президенті /Ресей/:

- Бүгінде Қазақстанда 10-ға жуық жоба сәтті жұмыс істеп тұр. Меніңше, бұл аздау, ол әлдеқайда көбірек болуы мүмкін. Әріптестікті кеңейтудің әлеуеті зор. Қазіргі таңда пандемия кезінде денсаулық сақтау тақырыбы өте маңызды. Бүгінде телемедицина, диагностика саласында көптеген әзірлеме бар. Біз осы төңіректе әңгіме өрбіттік. Себебі мұнда ТМД кеңістігінен де, Қазақстаннан да негізгі ойыншылар жиналған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов