Бизнес-жобаны дамытуға 100 млн теңге беріледі

Бизнес-жобаны дамытуға 100 млн теңге беріледі

Бизнес-идеяны дамытуға 100 млн теңге! Қазақстанда «Startup Bolashaq» жобасына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды. Аталмыш жобаға өз ісін енді бастаған стартапшылармен қатар кәсіби мамандар, сондай-ақ кәсібіне инвестиция қажет ететіннің барлығы қатыса алады. Нақты бағыт көзделмеген, керісінше ұйымдастырушылар экономиканың барлық саласын қамтуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 4 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірді. Олардың басым көпшілігі – жастар.

Әлішер Дүнгенин, «Болашақ» ассоциациясының атқарушы директоры:

- Өтінімдер 28 ақпанға дейін қабылданып, әрі қарай іріктеу жүргізіледі. Наурыз айының соңында жартылай финалға шығатын 20 қатысушының тізімін жариялаймыз. Олар Алматы қаласына барады. Билет, тамақ, тұратын орынға қатысты барлық шығынды ұйымдастырушылар өз мойындарына алмақ. Қатысушылардың әрқайсысына бизнес-тәлімгер, ментор бекітілген. Бизнес-жоспарды қалай жазу керек, инвестормен сессияға қалай дайындалу керек, презентацияны қалай дайындау керек сынды сұрақтар бойынша тәлімгерлер өз көмектерін береді.

«Startup Bolashaq» байқауының 5-ші маусымы «Dragons' Den» әлемдік реалити-шоу форматында өтетінін айта кеткен жөн. Яғни қатысушылар инвесторлардан қаржылай көмек алуы үшін өз бизнес-идеяларын таныстырады. Нәтижесінде 10 үздік бизнес-жоба 100 млн теңгені өзара бөліседі. Өткен маусымдарда ұтысқа тігілген қаражат көлемі 7 есе аз болған.

Авторы: Ақзер Сегізбай