Қазақстандық оқушылар халықаралық деңгейде танылды

Ақтөбелік жоғары сынып оқушылары Жаннұр Айип пен Данияр Чутенев зағип жандарға арналған пернетақта ойлап тапты. Ноу-хау әлемнің 17 елінен 60-тан астам команда қатысқан «EXPO-Sciences Mexico» виртуалды Олимпиадасында жүлделі екінші орын әкелді.

Жаннур Айип, «EXPO-Sciences Mexico» халықаралық виртуалды Олимпиадасының жүлдегері:

- Пернетақта басқа принцип бойынша жұмыс істейді. Егер қарапайым пернетақталарда белгілі бір әріпті басу үшін түймені басу керек болса, біздікінде комбинацияларды басу керек. Жобамызды бірегей деп санаймыз және оның дамығанын қалаймыз. Алдағы уақытта мүмкіндік болса басқа да байқауларға қатысқымыз келеді.

Пернетақтаны оқушылар әр бөлшегін мұқият ойластыра отырып, бір жылға жуық әзірлеген. Құрылғы брайль қарпінде таңбалар мен әріптерді жазу үшін алты нүктеге ұқсас алты батырмадан тұрады. Болашақта әзірлеушілер өз жобаларын жетілдіруге ниетті.

Данияр Чутенев, «EXPO-Sciences Mexico» халықаралық виртуалды олимпиадасының жүлдегері:

- Біз пернетақтаға қосқымыз келетін тағы бір қосымша – дисплей. Дисплей дегеніміз не? Ол әріптер мен сандарды енгізуге мүмкіндігі бар құрылғы. Мысалы, әліпби орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде делік, біз қолданушының қандай символдарды енгізгенін де сезініп, біліп отырғанын қалаймыз.

Әзірлеушілердің айтуынша, құрылғы сынақтан сәтті өткен. Келесі кезең – патент алу. Дарынды балалар болашақта адамдарға көмектесу үшін басқа да пайдалы және ауқымды жобалармен жұмыс істеуге ниетті.