Туристер астананың көрікті жерлерін виртуалды тамашалай алады

Қазақстанның заманауи астанасы – туристерге аса тартымды қалалардың бірі. Робот Қайрош келушілерді елдегі соңғы жаңалықтардан құлағдар етіп, бас шаһардың көрікті жерлерін аралаудың тиімді әрі қызықты бағыттарын ұсынады. Ол «Бәйтерек» монументінде орналасқан. Құлтемір екі тілде сөйлеп, иіліп сәлем береді. Тіпті саяхатшылардың құрметіне билей де алады.  

Данияр Омаров, «CityPass Kazakhstan» жобасының жетекшісі:

- Ол «Бәйтерек» монументіне келушілерге қызықты болатын барлық жаңалықпен бөлісіп, кеңес береді. Сондай-ақ елорданың осы бір көрнекі кешенінде біз арнайы VR экскурсиялар ұйымдастырдық. Кез келген адам саяхаттың осы түрін тегін пайдалана алады.

Виртуалды саяхаттың көмегімен туристер қаланың ең көрікті жерлерін биіктен тамашалау мүмкіндігіне ие болады. «Жоғарыдан қала алақандағыдай көрінеді», – дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ бұл «CityPass Kazakhstan» бағдарламасының жаңашылдықтары саяхаттаушының алтын уақытын үнемдеуге септеседі. Бұл – екі қабатты автобуспен 70% жеңілдікпен қаланың 12 көрікті жерін аралап, екі бірдей саяхат жасауға мүмкінідік беретін туристік біріңғай smart карта. Осы туристік бағытты шетелдік саяхатшылар жиі таңдайды екен.

Данияр Омаров, «CityPass Kazakhstan» жобасының жетекшісі:

- Қаламызға келген туристер CityPass не екенін жақсы біледі. Барған елдерінде дәл осындай қызмет көрсететін карталарды іздейді. Біз осыған қатысты өзге елдердегі жобаларды жақсылап зерттедік. Олардың ішіндегі туризм саласына қатысты ең тиімді деген озық үлгілерін өзімізге ендірдік. Сондықтан біздің туристік картаның жиынтығы ең қызықты деп сеніммен айта аламын. Көп адам сұрап жатады. Ең көп қолданушылар – Ресей Федерациясының азаматтары. Кейін Франция, Италия, Беларусь пен Украина тұрғындары.  

Бұған қоса CityPass картасына қоғамдық көліктерде жүру, үздік мейрамханалар мен қонақүйлердің қызметіне жеңілдіктер және 4 тілдегі жолсерік кеңестері кіреді. Бүгінде бұл картаның мүмкіндіктерін 500 мыңға тарта адам татып көрген. Оны робот Қайроштан да сатып алуға болады. Мұндай жоба Шымкент пен Түркістанда да іске қосу жоспарланған.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов