Қазақстанда 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда

Қазақстанда 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда

Бұл – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасында көзделген мақсат. Құжатты Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев таныстырды. Министр мәлім еткендей, ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілген.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды: еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, өңделген өнім үлесін 70% дейін жеткізе отырып агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

Сондай-ақ министр ұлттық жобаны іске асыруда 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын атап айтты

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дән және майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары, түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында бірнеше ұлттық жоба қаралды. Олар: «Тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту» мен өңірлерді дамыту жобалары. Сонымен қатар «Ұлттық рухани жаңғыру», «Жасыл Қазақстан», «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс» және білім сапасы мен ұлт саулығын жақсартуға арналған кешенді жобалар кеңінен таныстырылды. Ұлттық жобалар толығымен  Президент тапсырмаларын жүзега асыруға бағытталған.

Авторы: Ақзер Сегізбай