Қазақстан мен Швейцария ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

Қазақстан мен Швейцария ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

Ынтымақтастық нығаюда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының делегациясы Женевалық саясат пен қауіпсіздік орталығы және Женевадағы БҰҰ бөлімі кітапханасы мен мұрағаты басшыларымен кездесті. Аталмыш іс-шара барысында жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері жөнінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық меморандумына, сондай-ақ арнаулы хатқа қол қойылды. Бұл құжат мұрағат, тарих салаларындағы көпжақты, халықаралық қарым-қатынастар мен құндылықтарды зерттеудің ынтымақтастығын, БҰҰ қызметі мен Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеудегі серіктестікті көздейді.

Айта кетейік, Швейцарияда өткен арнаулы іс-шара Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Бақытжан Темірболат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

- БҰҰ кітапханасы – өз бастауын Ұлттар лигасынан алған бірегей мекеме. Мұнда БҰҰ-ның ядролық қаруға қарсы әрекетін қамтып көрсететін мұрағаттық құжаттар жиналған. Бұл – Қазақстан және Елбасы кітапханасының да маңызды бір бағыты, өйткені Тұңғыш Президентіміздің тарихи мұрасының бір бөлігі саналады. БҰҰ және Тұңғыш Президентіміздің кітапханалары арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ақпарат, кітап, басылым, мұрағаттық құжат алмасу бойынша ортақ тұстары көп.

Франческо Пизано, Женевадағы БҰҰ бөлімі кітапханасы мен мұрағатының директоры:

- Қазақстан БҰҰ-ның белді мүшесі екенін білеміз. Ядролық қарусыздану, халықаралық ынтымақтастық пен көпжақты қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетін ел. Сондықтан ынтымақтастық меморандумына қол қойғанымызды жоғары бағалап отырмыз. Қазақстан мен Женевадағы БҰҰ кеңсесі арасында тағы бір мықты байланыс бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бөлімнің бас директоры болған. Оның қол астында жұмыс істедім, жақсы танимын. Мұнда атқарған еңбегіне өте ризамын.