Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толды

Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толды

Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға – 30 жыл. Осы орайда Анкарадағы Қазақстан Елшілігінде қоғам қайраткерлері мен саясаткерлердің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Басқосуда қатысушылар ортақ тарих пен мәдени-рухани байланыстарға негізделген серіктестікті жан-жақты талқылады. Сондай-ақ олар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық салада қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

Хулуси Кылыч, саясаткер, Түркияның Әзербайжан мен Моңғолиядағы бұрынғы елшісі:

- Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстарды өзге мемлекеттер үлгі етуіне болады. Осы жылдар ішінде Түркия Қазақстанға көп қолдау көрсетті. 30 жыл ішінде Қазақстан аймақтағы ең дамыған елге айналды. Бұл – біздің мемлекеттер үшін айтулы жыл.

Сондай-ақ жиында «Екі ұлт, бір жүрек» атты жаңа кітап таныстырылды. Жинаққа екі елдің мектеп оқушыларының шығармалары енді.

Алааддин Курт, «Денге» мектебінің директоры:

- Бұл кітапқа біздің мектептен 11 оқушының өлең, ертегі, эссе сияқты еңбектері енгізілді, ал Қазақстаннан 41 оқушының шығармасы алынды. Олардың қазақшасын түрікшеге, түрікшесін қазақшаға аудардық. Осылайша екі елдің оқушылары бақыт, достық, тәуелсіздік ұғымдары туралы бір-бірлерінің дүниетанымдарымен танысты.