Сенат кибербуллинг туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат кибербуллинг туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заңға бірқатар түзетулер енгізді. Мәселен, құжатқа уәкілетті органға өз еркімен интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер, мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктер кірмейді. Бүгінде олардың бәрі Байланыс туралы заң арқылы реттелген. Сондықтан депутаттар қолданыста бар нормаларды жаңа заңда қайталаудың қажеті жоқ деп санайды.

Бұл орайда мақсат ғаламтор желісін  толық бұғаттау емес, тек балаларға қатысты кибербуллинг ақпаратына жол бермеу көзделіп отыр. Оны енді мемлекеттік орган емес, арнайы құрылған сарапшылар тобы шешуі тиіс.

Оның құрамына заңгерлер, психологтар, лингвистер және бала құқығын қорғауға қатысты өзгеде қоғам өкілдері кіреді.  Тиісті заңда көзделген жаңа нормаларды іске асыру жөнінде елдің белсенділері түрлі пікір білдірген болатын. Сондықтан ұсынылған ережелерді мұқият зерделеп, келіп түскен өтініштерді ескеру үшін құжат Мәжіліске кері қайтарылды.

Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

– Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін барлық контентті жою қарастырылған. Ал біздің нұсқада – тек балаларға қатысты кибербуллингтің айқын белгілері бар. Сарапшылар кеңесі балаларға қатысты кибербуллинг деп таныған контентті ғана алып тастау ұсынылады. Бұл ретте өкілетті органның шешімі қолға тигеннен соң  осындай айқын заңбұзушылықтары бар  контентін интернет-ресурстың ресми өкілі бір тәулік ішінде өшіруі тиіс.