Орталық Азия елдерінің саммиті

Қазақстан Орталық Азия елдерімен шекараны шегендеу тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өтіп жатқан Орталық Азия мемлекет басшыларының IV Консультативтік кездесуінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы осы мақсатта өзара қолайлы тәсілдер әзірлейтін сарапшылар алаңын құруды ұсынды. Бұл іске тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен басқа да мамандар тартылуы тиіс екенін атап өтті. Аталған жұмысты үйлестіру міндеті Сыртқы істер министрлері кеңесіне жүктеледі.

«Проблемаларды созбаққа салу мен жылы жауып қою шиеленіске бастауы мүмкін. Түптің түбінде бұл Орталық Азиядағы әріптестікті дамытуға жұмсалған бүкіл еңбекті еш етуі ықтимал. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі шекарасын толық делимитациялаған жалғыз мемлекет ретінде мұндай мәселелердің өзара қолайлы шешімін іздеу жолында жәрдем көрсетуге дайын», - деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммит қорытындысы бойынша бірнеше құжатқа қол қойылады. Соның бірі – XXI ғасырда Орталық Азияны дамытуға бағытталған Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бірегей шарт. Бұл тарихи құжат – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің стратегиялық әріптестігінің жаңа кезеңі болмақ.