Франция сарапшылары: Жаңа Қазақстанның реформалары – тұрақтылық кепілі

Франция сарапшылары: Жаңа Қазақстанның реформалары – тұрақтылық кепілі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын Францияның қоғамдық-саяси және сарапшылар қауымы қызу талқылауда. Олар рсепубликамыздың Париждегі елшілігінде бас қосып, осы айдың басында Мемлекет басшысы жариялаған реформалар бойынша ой-пікір алмасты. Қазақстан Президенті ұсынған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасына Еуроодақтағылар айрықша назар аударып отыр. Мысалы, айтуларынша, реформалар инвесторлар үшін тұрақтылық кепілі болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттің демократия құндылықтарын қолдайтыны және осы бағыттағы реформаларды одан ары жалғастыратыны адам құқықтарын сақтау мен саяси өрлеу бағдарын айқындап отыр, дейді сарапшылар. Алайда батыл жоспарларды жүзеге асыру үшін қазақстандықтарға жұдырықтай жұмылу қажет, дейді олар.

Поль Мариа, Orano компаниялар тобының вице-президенті:

– Біз сияқты шетелдік инвесторлар тұрақтылықты қалайды. Тек Президент Жолдауы кезінде ғана емес, жалпы, Қазақстандағы ахуалдан үнемі хабардармыз. Өйткені ел аумағында ұзақ уақыт жұмыс жүргізуге ниеттіміз. Жаңа жобалар бойынша жауапкершілігіміз бар, жаңа әріптестермен ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Елдегі оң өзгерістерді Франция үкіметінің өкілдері Қазақстанға барып, өз көзімен көре алады.

Жан-Батист Ноэ, геосаяси журналдың бас редакторы:

– Қазақстан үлкен жаңару мен трансформацияның алдында тұр. Бұл Орталық Азия аймағы үшін ерекше оқиға. Және де сіздердегі реформалар сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындалып жатқанына куәміз.

Микаэль Левистон, Ifri францияның халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі:

– Президент 16 наурызда Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын таныстырды, ал 1 қыркүйекте әділетті Қазақстан туралы айтып, әлеуметтік және саяси басымдықтарға мән берілген жаңа реформаларды жариялады. Президенттеріңіз саяси аппаратты жетілдіру, билік тәжірибесін жақсарту бағытында нақты шаралар  жүзеге асатынын жариялады.