Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды

Қазақстан Президентінің бірқатар өңірлерге жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына келді. Сапар аясында Президент өңір жұртшылығымен кездесті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Семейдің халықаралық транзиттік сауданың маңызды орталығы болғанын атап өтті. Ал бүгінде облыс ел шығысын біріктіріп, екі ірі көршіміз – Ресей және Қытаймен шектесіп жатыр. Мемлекет басшысы осы орасан зор көлік-логистикалық, сауда-экономикалық әлеуетті толық пайдалану қажеттігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет.

Облыс тұрғындарымен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің аграрлық аймақ екеніне ерекше назар аударып, осы саладағы жетістіктерімен танымал болғанын еске алды. Кезінде Семей өңірі бүкіл республикаға, тіпті, алыс-жақын шетелдерге ет, сүт, тері, жүн және басқа да өнімдер шығаратын. Облыстың осы әлеуеті қалыпқа келтірілмек. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет екенін де атап өтті.