2023 жылы қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы өтеді

2023 жылдың 14 қаңтарында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болады. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлімделді. Ал қарашаның 29-ы сағат 18:00-ден бастап кандидаттарды ұсыну басталады. Бұл науқан желтоқсанның 14-не дейін жалғасады. Кейін 19 күн бойы сайлауалды үгіт-насихат жүргізіледі. 13 қаңтар тыныштық, ал 14-і дауыс беру күні. Сенаторларды мәслихат депутаттары сайлайды. Жоғарғы палатаға әр өңір мен республикалық маңызы бар қалалардан 2 адамнан өтеді. Тағы 10-ын Президент тағайындайды. Оның 5-уі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша депутаттық мандат алады.

Константин Петров, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Конституцияға сәйкес Парламент депутаты тек Қазақстан азаматы ғана бола алады. Ол соңғы 10 жылда ел аумағында тұруы тиіс. Ал сенат депутаты болса – жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және 5 жылдық еңбек өтілі бар азамат атана алады. Ол белгілі бір аймақтың  аумағында кемінде 3 жылдай тұрған болуы керек.