Парламент Елбасы мәртебесінің күшін жоятын заңды қабылдады

Парламент Елбасы мәртебесінің күшін жоятын заңды қабылдады

Елордада өткен қос палатаның бірлескен отырысында депутаттар құжатты екі оқылымда мақұлдады. Заңды Ерлан Саиров таныстырды. Депутат өткен жылы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданып, оған халықтың 77% дауыс бергенін еске салды. Айта кетейін, Заңға 56 түзету енгізілді. Сондай-ақ, Елбасы мен оның статусын алып тастау туралы ереже бекітілді.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Конституциялық реформа -  елімізде биліктер тармағы институттарын нығайтып,  қоғамда демократияны қалыптастырудағы Тәуелсіз 30 жылдың ішіндегі ірі қадам, прогерссивті бағыт-бағдар. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасының мәртебесі мен өкілеттілігі республика Конституциясымен және Конституциялық Заңмен айқындалады» деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4 тармағы алынып тасталды. 

Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдум нәтижелерін іске асыру және заңнамалық актілердің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» конституциялық заңның күші жойылды деп тану ұсынылады. Бұл ретте Тұңғыш Президентке республиканың барлық экс-президенттеріне қатысты Конституцияның 46-бабында және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңның 6 тармағында белгіленген жалпы кепілдіктер қолданылатын болады.

Осылайша, Елбасы мәртебесін жоғалту туралы заң қабылданды деп есептеліп, Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.