ҚР ОСК Сенат сайлауының қорытындыларын шығарды
Нәтижесінде парламенттің жоғарғы палатасына әр облыстан бір адамнан 20 адам өтті. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдемесіне сәйкес сайлауда баламалық қағидаты сақталды, сондай-ақ кандидаттардың бәсекелестік деңгейі жоғары болды. Оның айтуынша, бір орынға орта есеппен 6 адам өтініш білдірген. Республика бойынша Жоғарғы палата депутаттығына барлығы 130 кандидат ұсынылып, 55 үміткер сайлауға түсті.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
- Сенат сайлауында кандидаттардың және депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі – өзін-өзі ұсынғандар болды. Бұл азаматтық қоғамда және жеке саяси мүдденің артып келе жатқанын көрсетеді. Аумақтық сайлау комиссияларының деректері бойынша сайлауда дауыс беруге 3 167 таңдаушының 2 904-і немесе 91,7 проценті қатысты.
Константин Петров, ҚР ОСК төрағасының орынбасары:
- Сайлау Қазақстан Республикасының барлық 17 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3167 депутаты таңдаушылар тізіміне енгізілген. 55 үміткер дауысқа түсті. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссияларының дауыстарды санау қорытындылары туралы хаттамалары негізінде сайлаушылардың 50 проценттен астам дауыс жинағандарын депутат деп тануға болады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлау рәсімдерін кандидаттардың сенімді өкілдері, БАҚ, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары бақылағанын атап өтті. Кез келген қажетті ақпарат ОСК интернет-ресурсының қосымша функционалында онлайн режимде қолжетімді.