Мемлекет басшысы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барды

Халқымыздың амандығы мен қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Президент Ақмола облысына жұмыс сапары барысында төтенше жағдайларда азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар дайындайтын Академияның рөліне тоқталды. Айта кетейік, бұл – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Мұнда ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман даярланған. Сондай-ақ, қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияда іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесуде. Олардың ішінде Ақмола облысынан 18 адам бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы оның тапсырмасымен Үкімет академияның материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Ал, биылғы жылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысын 70%-ға  көтеру жоспарланып отырғанын да мәлімдеді.