Қазақстан Түркиядағы апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын

Қазақстан Түркиядағы апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын

Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтың Анадолы еліне көрсеткен демеуін жоғары бағалайтынын айта келе,  түркі мемлекеттері өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалмайтынына тоқталды. Президент түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек екеніне назар аударды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, құтқарушылардың біліктілігін арттыру және оқу-жаттығу курстары өткізіледі.  

Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысы бойынша 3 құжат қабылданды. Олар: Түркі мемлекеттері ұйымы кезектен тыс саммитінің Анкара декларациясы, ұйымның Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім және Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім.