Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің стартапшылары Кремний алқабында тағылымдамадан өтеді
Халықаралық технопарк Draper University-мен осындай келісімге тұрған. Аталмыш жоғарғы оқу орны әлемнің көптеген IT мамандары үшін табыс кілтін ашқан. Түлектерінің дені жеке кәсібін жаһандық деңгейде өрге домалатып отыр.
Айта кетейік, тараптар Калифорния штатында жасалған келісімге еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің АҚШ-қа ресми сапары барысында қол қойды. Халықаралық бәсекеге тойтарыс беруге қауқарлы тың ойым мен ұтқыр жобам бар дегендер өтінішті алдағы сәуір айының 17-не дейін тапсырып үлгеруі керек. Бірінші кезеңде 80 ІТ бастама іріктеледі. Олар екі апталық акселлерациялық бағдарламаға қатысады. Олардың ішінен суырылып шыққан төрттен бірі ғана әлемнің алпауыт компанияларының тәжірибесімен жіті танысу мүмкіндігіне ие болмақ.
Алина Абдрахманова, Astana hub-тың басқарушы директоры:
- Draper University ең үздік 20 жобаны таңдайды. Олар Кремний алқабына жарты жылға оқуға барады. Курс толықтай оффлайн режимінде өтеді. Олар осы уақыт аралығында, яғни бірнеше ай бойы өз жобасына инвестор тартуға, жалпы алқаптың экожүйесін танып білуге мүмкіндік алады. Бірқатар серіктес табуға уақыт бар. Танымал компаниялардың өкілдерімен кездеседі. Дамыған инновациялық ортада өз жобасын қорғау мүмкіндігі Қазақстан түгілі Орталық Азия кеңістігінде, Түркі мемлекеттері ұйымы аумағында бұрын соңды болмағанын ерекше атап өту керек. Яғни, өңір стартапшылары үшін бірегей бағдарлама.
Мамандардың сөзінше, жоба қатысушыларының алдында кең мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы технопарк алқаптағы оқу құнының көп бөлігін өтеуді өз мойнына алады.
Алина Абдрахманова, Astana hub-тың басқарушы директоры:
- Бағдарламаға қатысу құны 25 мың доллар. Астана Хаб өз резиденттеріне 20 мың долларын субсидиялайды. Сәйкесінше, стартап жобаның авторы бұл мүмкіндікті қалт жібермес үшін бар болғаны 5 мың доллар төлеуі тиіс. Бұл тек қазақстандық жобаларға қатысты. Өзге елдің қатысушылары 25 мың долларды толық өтейді. Егер олар өз компаниясын Қазақстанға көшіруге немесе Астана Хабтың резиденті болуға келіскен жағдайда ғана технопарк оқудың 20 мың долларын субсидиялайды.
Бұл ретте айта кетейік, бүгінде 1000 аса компания Астана Хабтың резиденті болып тіркелген. Олар жобаларын жетілдіру жолында бірқатар басымдыққа ие. Бұл негізінен түрлі салықтық жеңілдіктер мен бастамасын ілгері жылжытатын бірқатар акселерациялық бағдарламаларға қатысу, білікті сарапшылар кеңесін алу және өнімін нарыққа шығаруға қатысты демеулік шаралар. Бұл қызметтер тегін көрсетіледі.
Жеңіс Ермұқанов