Ұлы Отан соғысынан қайтпаған тағы бір қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

Араға 80 жыл салып, Ұлы Отан соғысынан қайтпаған тағы бір қазақ жауынгерінің сүйегі табылды. Серік Смайылов 22 жасында майданға аттанады. Бірақ көп ұзамай оның туыстарымен байланысы үзіледі. Мұрағат құжаттарынан оның Сталинград түбіндегі ұрысқа қатысқаны белгілі болды. Сондай-ақ Курск шайқасында да болған. Сол жерде ерлікпен қаза табады. Жалпы Серік Смайылов туралы толық ақпарат сақталмаған.

Мұрат Өтемісов, Серік Смайыловтың жиені:

- Бірнеше жыл бұрын мен Мәскеуде тұрғанда атам жайлы дерек іздей бастадым. Ресейдің қорғаныс министрлігіне ресми өтініш жасап, сол жерден Сарысу әскери комиссариаты шақырған Смайылов Серіктің 1942 жылы Белгородск облысы, Шебекино ауданы, Безлюдовка ауылында жерленгені туралы жауап келді. Мәліметтерде атамның әйелінің аты Бағила деп жазылыпты. Ол – менің нағашы апам. Сондықтан атамды тапқанымызға күмәніміз болмады.

Асанәлі Әшімов, актёр, Қазақстанның Еңбек ері:

- Серік атаның қабірін тапқанын айтқан кезде, біз ол соғыстан оралғандай қуандық. Балалар сияқты қуандық. Оның қабірінен Отанына бір уыс топырақ әкелінді. Серік ата мен әкем Әшім – ағайынды. Екеуі де соғыстан оралмады. Менің әкем әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.