«Амур күзі» фестивалінде қазақ киносының көрсетілімі ұсынылады

«Амур күзі» фестивалінде қазақ киносының көрсетілімі ұсынылады

Қазақстандық кинорежиссерлердің бірден үш картинасы Ресейдегі «Амур күзі» кино және театр фестивалінде көрсетіледі. Олар: Әділхан Ержановтың «Сары мысық» картинасы, Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, сен сенбейсің!» комедиясы мен Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» мелодрамасы. Айта кету керек, отандық киносуретшілердің туындылары конкурстан тыс бағдарламалар аясында көрсетіледі. Яғни фестиваль ұйымдастырушылары шетелдік жұмыстарды осылайша дәстүрлі түрде таныстырмақ. Олардың айтуынша, қазақстандық кино кездейсоқ таңдалмаған. Отандық картиналар өзіндік төл мәдениетімен қатар өзектілігімен, жаңашылдығымен және батыл шешімдерімен ерекшеленетінін, сондай-ақ ресейлік көрермен көңілінен шығатынын атап өтті.

Александра Жукова, «Амур күзі» фестивалінің директоры:

- Биыл біз Қазақстан киносының панорамасын көрсеткенді жөн көрдік. Себебі бүгінде Қазақстан киносы дүрілдеп тұр, трендте десек те болады. Және әлемнің барлық ірі кинофестивалінде үнемі қазақ фильмдері көрсетіледі. Менің ойымша, қазақ киносының бірегейлігі бір жағынан өзіндік ерекшелігі бар, ал екінші жағынан өте заманауи болып келеді. Біз бағдарламаны құрастырған кезде әртүрлі жанрдағы фильмдерді алдық. Қазіргі Қазақстан киносы туралы ресейлік көрерменнің барынша түсінігі қалыптасуы үшін фильмдерді әр қырынан көрсетуге тырыстық.

Ресейдің «Амур күзі» кино және театр апталығы 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Фестиваль аясында дәстүрлі түрде толық және қысқаметражды ойын фильмдерінің конкурстары, театр қойылымдары, шеберлік сағаттары, шығармашылық кештер, концерттер мен көрмелер өтеді.

Авторы: Гүлбану Тәжібек